Борыш жүктемесiн азайту бойынша бағдарламаға қатысу үшiн жадынама

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2019 жылғы 26 маусымдағы жарлығына сәйкес 5 категориядағы азаматтар үшiн: көпбалалы отбасыларға, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала кезiнен мүгедектер бар отбасыларға, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлемдер алатын отбасыларға,мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек алушыларға; жетiм балаларға.

Осы категориядағы азаматтар үшiн борыш жүктемесiн азайту олардың қаржылық табысына байланысты болмайды.

Борыш жүктемесiн азайту шарттары:

  • кепiлсiз тұтынушылық қарыз — берiлген кезде кепiл туралы шарт болмаған, жеке тұлғаға кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырумен байланысты емес мақсаттарға берiлген банктiк қарыз;
  • мемлекет негiзгi борышы мен оған есептелген сыйақыдан жалпы 300 000 (үш жүз мың) теңгенi өтеуге жатады (борыш көлемi 300 мың теңгеден артық болған жағдайда, қарыздың 300 мың теңге бөлiгi ғана өтелетiн болады)
  • қарыз бойынша жалпы берешегi 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспайтын болса;
  • несие банкте немесе шағын қаржылық ұйымында рәсiмделуi тиiс (коллекторлық компанияларға жiберiлген несиелер өтеуге жатпайды).

Жоғарыда көрсетiлген категориядағы азаматтар тiзiмi орталықтандырылған мемлекеттiк органдардың (әрi-қарай ОМО) ақпараттық жүйесi берген мәлiметтер негiзiнде құрастырылды. ҚР бiлiм және ғылым министрлiгiнiң (әрi-қарай — БҒМ) тарапынан жетiм балалар; жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар; ата-анасынан кəмелеттiк жасқа дейiн айырылған; 23 жасқа дейiнгi студенттер тiзiмi алынды. ҚР Әдiлет министрлiгiмен ерлi-зайыптылар немесе ата-аналардың азаматтық жағдайы бойынша (неке және туу туралы) «Азаматтық жағдай актiлерiнiң жазуы) ақпараттық жүйесiнде (әрi-қарай — АЖАЖ АҚ) ағымдағы актiлерi бойынша мәлiметтер тексерiлдi.

Тiзiмде болмаған жағдайда азаматтар ҚР еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң базасында қызмет атқаратын, олардың әрi-қарай iс-қимылдары бойынша ақыл-кеңес ала-алатын сall-орталығына 111, 74-32-20, 75-01-79, 75-01-78 телефоны бойынша жүгiнуге болады.

111 сall-орталығы мен халыққа қызмет көрсету орталығынан басқа борыш жүктемесiн азайту бойынша кеңестi:

  • Еңбек, әлеуметтiк қорғау және көшi-қон департаментiнен;
  • «Әлеуметтiк сақтандыру мемлекеттiк қоры» АҚ филиалдарынан;
  • Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламаларды үйлестiру басқармасынан алуға болады.

Өз статусынды қалай тексеруге болады:

  1. www.enbek.gov.kz  кiру
  2. «Борыш жүктемесiн азайту бағдарламасына қатысу статусын тексеру» таңдау
  3. Өзiңнiң ЖСН енгiзiп статусынды тексеру немесе 111 бiрыңғай нөмiрiне қоңырау шалу

www.enbek.gov.kz электрондық үкiмет порталынан, немесе ХҚКО барып бiлуiңiзге болады.

Егер де Сiз, тiзiмнен шығарып тастау себептерiмен келiспеген жағдайда, Сiзге несие берген банкке немесе шағын несие ұйымына баруыңыз тиiс.

  • 1. Борыш жүктемесiн азайтуға кiм құқылы?

Төменде көрсетiлген санаттағы борышкер азаматтардың кепiлсiз тұтынушылық қарыздар бойынша борыштық жүктемесiн азайтуға құқығы бар (2019 жылғы 26 маусымдағы жағдай бойынша):

  1. көпбалалы отбасылар;
  2. асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлемдер алатын отбасылар;
  3. мүгедек балалары бар және 18 жастан асқан бала кезiнен мүгедек балалары бар отбасылар;
  4. атаулы әлеуметтiк көмек алатын отбасылар;
  5. жетiм балалар;
  6. ата-анасынан кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн айырылған, 29 жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар

Бұл ретте тұтынушылық қарыз шарттары бойынша жалпы берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауға тиiс.

  • 2. Тұтынушылық кредиттердi өтеу механизмi қандай?

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi аталған санаттарға сәйкес келетiн азаматтардың тiзiмiн қалыптастырады. Бұл тiзiм «Мемлекеттiк кредиттiк бюро» АҚ-ға ұсынылады, ол Екiншi деңгейдегi банктермен (ЕДБ) және микроқаржы ұйымдарымен (МҚҰ) өзара iс-қимыл жасай отырып, борышкерлер тiзiмiн қалыптастырды, берешек соманы есептеп, ақпаратты Проблемалық несиелер қорына бередi.

Қор әрбiр ЕДБ-мен және МҚҰ-мен 2019 жылғы 9 тамызға дейiн берешектi өтеу туралы келiсiм жасайды.

Сондай-ақ, аталған тiзiм негiзiнде Проблемалық кредиттер қоры өтiнiм қалыптастырып Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне қаржыландыру үшiн ұсынады. Министрлiк үш жұмыс күнi iшiнде қаражатты Қорға аударады.

Қор банктер мен микроқаржы ұйымдарының шоттарына ақша аударып, азаматтардың қарыздарын өтейдi де, борышкерлердi берешектiң өтелгенi және берешек қалдығының мөлшерi туралы хабардар етедi.

ЕДБ және МҚҰ қарыздар бойынша төлемдер графигiн қайта қарауды жүзеге асырады және Қорға әрбiр борышкер бойынша берешектiң өтелгенi және оның қарызы туралы ақпарат ұсынады.

Қор ҚР Ұлттық Банкi мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне берешектi өтеудiң жүзеге асырылғандығы туралы ақпаратпен қоса адамдардың тiзiмiн ұсынады.

  • 3. Борыш жүктемесi азайтылған адамдардың санатына жататынымды қалай бiлуге болады?

Борышкерлер тiзiмiн қалыптастыру өтiнiш берушiнiң қатысуынсыз мемлекеттiк органдардың ақпараттық жүйелерi арқылы жүзеге асырылатын болады.

2019 жылғы 18 қыркүйектен бастап, барлық рәсiмдер аяқталғаннан кейiн берешектi өтеу жөнiндегi ақпаратты «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясына хабарласу немесе «электрондық үкiмет» www.egov.kz веб-порталы арқылы алуға болады.

Әлеуметтiк статусты «электрондық үкiмет» веб-порталындағы тиiстi қызметтi пайдалана отырып бiлуге болады.

  • 4. Егер отбасының бiр мүшесiнде бiрнеше қарыз болса, тұтынушылық кредиттi өтеу шарттары қандай?

Бiрiншiден, тұтынушылық қарыздардың барлық шарттары бойынша жалпы берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауға тиiс.

Екiншiден, бiр қарыз алушыға қарыздың жалпы сомасының 300 мың теңгеге дейiнгi берешегi өтеледi.

Мысалы, АӘК алатын отбасында отбасы мүшесiнiң бiреуiне ресiмделген жалпы сомасы 2,5 миллион теңге мөлшерiнде екi тұтынушылық кредитi бар. Бұл жағдайда екi кредит бойынша жалпы сомасы 300 мың теңгеге дейiнгi берешек өтелетiн болады.

  • 5. Егер отбасының бiрнеше мүшесiнде тұтынушылық кредиттер болған жағдайда қарыз қалай өтелетiн болады?

Егер отбасының бiрнеше мүшесiнде кредит болса, яғни қарыз шарттары әрқайсысына бөлек жасалса, онда берешектi өтеу әрбiр қарыз шарты бойынша жүзеге асырылады.

Мысалы, егер отбасының екi мүшесiне екi кредит ресiмделген болса, онда әрбiр қарыз шарты бойынша олар 300 мың теңгеге дейiн өтеуге құқылы. Яғни, берешектi өтеудiң жалпы сомасы отбасының екi мүшесiне 600 мың теңгенi құрайды.

  • 6. Тұтынушылық қарыздар бойынша берешектi өтеудiң басымдықтары қандай?

Кредиттiк бюро негiзгi борыш пен сыйақы бойынша берешектi өтеу жүзеге асырылатын борышкерлердi және олардың қарыздары мен (немесе) микрокредиттерiн айқындайды және мынадай басымдықтарды ескере отырып, төлеуге арналған тiзiмдi қалыптастырады:

  • бiрiншi кезекте жылдық тиiмдi сыйақы мөлшерi ең көп қарыздар және (немесе) микрокредиттер бойынша берешек өтеледi;
  • екiншi кезекте 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негiзгi борыш және сыйақы бойынша ең көп берешегi бар қарыздар және (немесе) микрокредиттер бойынша берешек өтеледi;
  • үшiншi кезекте қарыз және (немесе) микрокредит шартын жасау мерзiмi анағұрлым ерте қарыздар және (немесе) микрокредиттер бойынша берешек өтеледi.

 

  • 7. Борыш жүктемесiн азайту мерзiмi қандай?

Тұтынушылық қарыздар бойынша берешектi өтеу процесiн 2019 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда.

  • 8. Айыппұлдар мен өсiмпұлдар кiмге және қалай кешiрiлетiн болады?

ҚР Президентiнiң Жарлығына сәйкес айыппұлдар мен өсiмпұлдарға кешiру кепiлсiз тұтынушылық қарыздары бар Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына жүргiзiледi.

ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының қаулысына сәйкес ЕДБ және МҚҰ берешектi кешiрудi есептелген тұрақсыздық айыбы бойынша (өсiмпұлдар мен айыппұлдар) 2019 жылғы 30 шiлдеге дейiнгi мерзiмде жүзеге асырады.

17.09.2019
Қараулар: 533
Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor ӘділетegovОфициальный интернет-ресурс Северо-Казахстанской областиcoronavirusАссамблея народа Казахстана