Жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем

«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 286-VI ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңымен әлеуметтік тәуекел жағдайы басталған кезде мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесіне қатысушыларды әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша нысанын құруға байланысты қатынастарды реттейді.

«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңға сәйкес Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік төлемдердің мынадай түрлерін жүзеге асырады: еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы, асыраушысынан айырылу жағдайы, жұмысынан айырылу жағдайы, жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу жағдайы, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылу жағдайы, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін өзекті әлеуметтік төлемдердің бірі жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем болып табылады. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы жұмыссыз тіркелген күннен бастап жұмысынан айырылған жағдайда Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтік төлем алуға құқылы.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты бір айдан алты айға дейінгі мерзімге тағайындалады. Бұл ретте халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссызды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға және кәсіптік оқытуға жіберген жағдайларда, жұмысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемдер тоқтатылмайды.

Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді тағайындау туралы өтінішті мынадай тәсілдердің бірімен беруге болады: Мемлекеттік корпорация арқылы (жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы мәліметтер болған кезде); жұмыспен қамту орталығы арқылы (адамды жұмыссыз ретінде тіркеген кезде және «бір өтініш» қағидаты бойынша жүгінген кезде, сондай-ақ «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы. www.egov.kz, сондай-ақ проактивті түрде.

«Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді тағайындау» мемлекеттік қызметін көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесіне: жеке басты куәландыратын құжат (жеке куәлік, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің тұруға ықтиярхаты) немесе оралман мәртебесі бар адамдар үшін оралман куәлігі — жеке басын сәйкестендіру үшін талап етіледі.

Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді тағайындау үшін порталға: көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы портал арқылы әлеуметтік төлемді тағайындауға өтініш, сондай-ақ өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы, халықты жұмыспен қамту орталығының жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы, банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі не түзеу мекемесінің қолма-қол ақшаны бақылау шоты туралы мәліметтер.

Әлеуметтік төлем бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға тағайындалмайды.

Жұмысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтiк төлемнің мөлшерi әлеуметтiк аударымдар есептелетін объект ретiнде есепке алынған кірістің орташа айлық мөлшерiн кірісті ауыстырудың және қатысу өтілінің тиiсті коэффициенттерiне көбейту жолымен айқындалады.

Әлеуметтiк аударымдар есептелетін объект ретiнде есепке алынған кірістің орташа айлық мөлшері жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік жиырма төрт ай ішінде (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) әлеуметтік аударымдар жүргізілген кірістер сомасын жиырма төртке бөлу жолымен айқындалады.

Мәселен, 01.01.2020 жылдан бастап 31.10.2020 жылға дейінгі кезеңде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына Солтүстік Қазақстан облысы бойынша әлеуметтік аударымдарды төлеушілерден міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің 171,4 мың қатысушысы үшін жалпы сомасы 5 467,3 млн.теңгеге әлеуметтік аударымдар түсті.

Осы кезеңде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражатынан Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 3 820,5 млн.теңге сомасына 18 658 алушыға, оның ішінде жұмысынан айырылған жағдайда жалпы сомасы 226,0 млн. теңгеге 2 709 алушыға әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды. Облыс бойынша 2020 жылдың 10 айында жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 25 499 теңгені құрайды.

30.11.2020
Қараулар: 605
Акорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor ӘділетegovОфициальный интернет-ресурс Северо-Казахстанской областиcoronavirusАссамблея народа Казахстана